Шардара қаласындағы Орталық стадионда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметінің құрылғанына 32 жыл толуына орай, жастарға әскери  патриоттық тәрбие беру, жастарды Отан қорғауға дайындау мақсатында «Шардара шекара бөлімінің» ұйымдастыруымен 18 тамыз күні «Шекарашылар күні» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара болып өтті.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында мемлекеттік Әнұран орындалды. 

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар әскери саладағы азаматтарға аудан әкімі А.Қарсыбаевтың атынан Алғыс хаттар тапсырды.

Сондай-ақ, құттықтау сөз кезегін алған Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысушы ардагерлер ұйымының төрағасы Қосаев Дәндібай Өсерханұлы, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының кеңесшісі, отставкадағы майор Сәтбаев Қылыш және Мақтаарал  ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары полковник Байтуров Жандос Тоқтасынұлы бүгінгі мерекемен әскери сала қызметкерлерін құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттап, №16 кәсіптік колледж мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Халық Қаһарманы, еңбек және соғыс ардагері Қалмырза Мәулен Реметұлы атындағы «Жас шекарашы» әскери  патриоттық клубының Туы табыс етілді.

Сондай-ақ мерекелік кеште аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен әскери салада жүрген қызметшілер патриоттық тақырыпта әннен шашу шашты. Айтулы мерекеге орай, Мақтаарал  ауданы бойынша шекара басқармасының Шардара шекара  бөлімінің әскери сарбаздары мемлекеттік шекара қорғаудағы әскери оқу-жаттығу түрлерінен көріністер қойды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.