Апта барысында «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының ұйытқы болуымен аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ауқымды жиын өтті. Басқосуға аудандық полиция бөлімі, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, №40 өрт сөндіру және №38 жеке өрт сөндіру бекетінің жеке құрам қызметкерлері қатысты. Жиынды «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құдайбергенұлы жүргізіп отырды.
Жиынға қатысушыларды алқалы басқосудың негізгі мақсатымен таныстырып өткен Е.Бекет қоғамдағы ең өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық туралы, оның алдын алу шаралары жайлы кеңінен айтып өтті. Сонымен бірге бұл қоғамдық дертті болдырмау партияның күн тәртібінен түспейтінін, осы бағытта партияның атқарған жұмыстарына шолу жасап, елдің дамуына кедергі келтіретін дертпен көп болып күресуге шақырды.
Мұнан соң сөз алған Шардара аудандық полиция бөлімі кезекші бөлімінің бастығы, полиция майоры Мұхтар Боранбаев жолда жүру ережесі, қауіпсіздік шаралары жайлы хабарлама жасады. Хабарламашы өз сөзінде жаяу жүргіншілердің, әсіресе көлік жүргізушілерінің қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан қайғылы оқиғалардың орын алатынын айта келіп, полиция бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады.
Келесі кезекте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Әлжанов Ғалым Жанұзақұлы сөз алып, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырында өз ойын ортаға салды. Аталған мәселе де күн тәртібінен түспей «күйіп» тұрғандығы анық.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қазіргі уақыттағы ең маңызды әрі күрделі мәселесе. Әсіресе соңғы уақытта әлеуметтік желі, теледидар немесе басқа да жаңалықтар легін аша қалсақ әйелдер мен балаларды ұрып-соғу, қорлау, зорлау, өмірлерін қию сияқты жантүршігерлік аса ауыр қылмыстар мен оқиғаларға кезігіп жатамыз.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын әрбір 6-шы әйел түрлі қысымға ұшырайды екен. Осы сандық көрсеткіштің өзі еліміздегі әйелдердің ең қауіпсіз орын болуы қажет отбасында қаншалықты қорғансыз екеніне дәлел. Егер де әйел немесе қыз бала отбасында, ең жақын деген өмірлік жары, серіктесінің жанында өзін қауіпсіз сезіне алмаса, күйеуі оның қауіпсіздігіне кепілдік бола алмаса, ол қорғау мен қамқорлықты қайдан алады және қайдан іздейді? Мемлекет тарапынан осыған байланысты заңға өзгерістер енгізіліп, оның жазасын күшейткенімен қылмыстың саны көбеймесе, азаяр емес.
Шардара аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Сартбаев Қанат Жұмагелдіұлы да осы мәселелер жайлы хабарлама жасап, халық арасында құқықтық сауаттылықты жетілдіру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бұл барша азаматтың миссиясы. Егер біз мемлекеттік органдарды бақыламайтын болсақ, экономиканың жекелеген салалары немесе елдегі өзге де процестер үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алмасақ, онда біз белсенді әрі әділ қоғам құра алмаймыз. Құзыретті органдар енжарлық танытатын болса, оларды әрдайым қамшылап отыру керек. Бүгін айтылған фактілер құқық қорғау органдары үшін әдістемелік құралға айналады. Әр факті бойынша мұқият тексеру жүргізу қажет», – дейді «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет.
Жиын соңында Е.Бекет сыбайлас жемқорлыққа жол берген, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізуге және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға қағаз жүзінде ғана қарағандардың партиялық жауапкершілікке тартылатынын қадап айтты.
Жиынға қатысушылар да аталған мәселелердің өзекті екендігін айтып, жемқорлыққа қарсы қоғам болып күресу керектігін, әрбір отбасыда қазақы құндылықты сақтап, зорлық-зомбылыққа жол бермеу шараларын тез арада қолға алу қажеттігін атап өтті.
Өз тілшімізден.