Бүгін 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Ата заңы, Конституциясы күні мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде «Азат елдің айбыны – Ата заң» атты концерттік шара өтті. Мерекелік жиын ҚР Әнұранымен бастау алып, аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі.
– Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халық — биліктің қайнар-көзі болса, Конституциямыз — көптің арқа сүйер киелі сөзі болып отыр. 1995 жылы халқымыз жалпыхалықтық референдумда дауыс беру арқылы еліміздің негізгі Заңын қабылдап, Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет деп жариялады. Конституция — тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы, әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігінің кепілі.
Конституцияны қатаң сақтау – мемлекеттің тұрақты дамуының және қоғамдағы азаматтық татулықтың негізі. Конституцияны қастерлеу – туған жеріміз бен тарихымызды, тіліміз бен ділімізді қастерлеу мен теңесуі тиіс азаматтық парыз. Озық отыз елдің қатарына ұмтылған еліміздің кемел келешегі үшін Ата Заңға арқа сүйеп, жұмыла еңбек етсек, аймағымыз ажарлы, болашағымыз баянды, жастарымыз бақытты, Еліміз мәңгі болмақ.
Баршаңызды Ата Заңымыз – Конституция күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе жаңа жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін!» - деді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің атынан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттарды салтанатты түрде тапсырды.
Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, айтулы мерекенің көркін қыздырды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.