30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай, ауданның туризмін дамыту мақсатында Шардара ауданы әкімінің кубогына арналған жағажай спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Су айдынының жанына жиналған жарысқа қатысушылар балық аулау, волейбол, футбол, қол күрес, гір көтеру және арқан тарту спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Шардара су қоймасының жағалауына жиналған жастар мен еріктілер әуелі су қоймасы жағалауына «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тазалық шарасын жүргізді. Шара барысында жағалау қоқыстардан тазартылып, тазалық акциясының мәні мен маңызы түсіндірілді.
Спорттық шараның ашылуына аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Б.Шомпиев қатысып, баршаны айтулы мерекемен құттықтап, аудандағы жан-жақты жетістіктерге тоқталып өтті.
Ашылу салтанатынан кейін сайыстар басталып, жарысқа қатысушы командалар әрбір ойында белсенділік танытып, тартысты ойын көрсетті.
Жарыста белсенді өнер көрсетіп, жеңімпаз болған қатысушылар арнайы мадақтама қағазы мен сый-сияпаттарға ие болды.
Өз тілшімізден.