Өткен аптада Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Еселі еңбек иесі» тақырыбында ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әмзе Оспанұлы Мүсәліге арналған арнайы іс-шара өтті. Шараға бір кездері Әмзе ақсақалмен қатар еңбектің  көрігін қыздырған еңбек ардагерлері қатысты. Шараны аталған музейдің директоры Нұрлан Смайылов ашып, жүргізіп отырды.

Сәрсенбінің сәтінде Шардара аудандық ардагерлер кеңесінде аудан әкімін сайлау жөніндегі үгіт-насихат шаралары өткізілді. Атап айтқанда, аудан әкіміне кандидат Арман Қарсыбаевты қолдау бағытында құрылған штаб мүшелері аудан ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды.

Қазан айының 20 және 23 күндері аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратында аудандағы барлық учаскелік сайлау комиссияларының төраға, орынбасар және хатшыларымен «Қазақстан Республикасындағы  сайлау туралы» заң талаптары тағы да бір рет пысықталып, семинар-кеңес өткізілді.

Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылы белгіленіп, қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Аталған мерекелік күн биыл да өз дәрежесінде өтті. Осы күні қала әкімі Олжас Айдосов ауданымызда әлеуметтік сала бойынша еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын арнайы қабылдап, мерекелік сый-сияпат табыс етті.

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ауданымызға арнайы іссапармен келді. Н.Әбдіров іссапар барысында 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған Шардара ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу мәселелері бойынша аудан жастарымен кездесіп, соңынан кеңес өткізді.